Бүгін Украинадағы қарулы қақтығыстың басталғанына 56 күн, деп хабарлайды «Хабар 24»
Қазір төрткүл дүниенің төрт бұрышы Мариуполь қаласына көз тігіп отыр. Ресей әскері ондағы «Азовсталь» метталлургиялық комбинаты аумағындағы украиналық жауынгерлерді өз еркімен берілуге шақырды.
Алайда ондағы сарбаздар бұл талаптан бас тартқан. Украина билігі комбинат аумағында әскерилерден бөлек, жүздеген тұрғынның барын айтады. Ал БҰҰ-ның өкілдері ертеңнен бастап елде төрткүндік оқ атпау тәртібін жариялауға шақырып отыр.
Ресей әскері жарты миллионға жуық тұрғыны бар Мариупольді наурыздың басында қоршауға алған болатын. Осы күнге дейін қалада берілмей тұрған бір ғана нысан қалған еді. Бұл 100 жылдық тарихы бар «Азовсталь» комбинаты. Оның ауданы – 11 шаршы шақырым. Салыстыру үшін айтатын болсақ, бұл Ватиканнан 25 есе үлкен аумақ. Кеңес одағы кезінде мұнда бомбадан қорғану орындары болған. Украинаның әскери-теңіз күштерінің 36-бригадасының командирі Сергей Волынскийдің айтуынша, нысанда жауынгерлермен қоса жүздеген бейбіт тұрғын бар. Ол бейнеүндеуінде 500 сарбаздың жарақат алғанын да хабарлады. Сол себепті командир әлем елдерінің басшыларынан комбинат аумағында адамдарды қауіпсіз жерге көшіруін сұрап отыр. Ресей тарабы украиналық жауынгерлерден қаруын тапсырып, өз еркімен берілуді талап еткен. Бұған дейін де ұқсас ұсыныс жасалған. Алайда украиналықтар одан бас тартқан еді.
Михаил Мизинцев, РФ қорғанысты басқару ұлттық орталығының басшысы:
- Киевті тағы да ақылға сай әрекет етуге шақырамыз. Яғни жауынгерлерге қарсы тұрудың еш мәні жоқ екенін түсіндіріп, аймақтан кетуге бұйрық беруге үндейміз. Алайда бөлімше командирлері Украина билігінен ондай тапсырманы ала алмай қалуы мүмкін екенін түсіне отырып, оларды өз бетінше шешім қабылдап, қаруын тапсыруға шақырамыз. Ресей басшылығы олардың қауіпсіздігіне кепіл береді.
Мариуполь мэриясы өкілдерінің хабарлауынша, қазір мұнда 130 мыңға жуық тұрғын бар. Олар халыққа азық-түлік пен медициналық көмек қажет екенін айтады. Вице-премьер Ирина Верещуктың Ресей жағымен бүгін қаладан гуманитарлық дәліз ашуға келіскенін жеткізді. Ол арқылы әйелдер, балалар мен қарттар эвакуациялануы тиіс. Президент Владимир Зеленский ресейлік жауынгерлер «жасыл дәлізді» ұйымдастыруға кедергі келтіріп жатқанын айтады.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
- Мариупольдегі ахуал еш өзгерген жоқ. Жағдай өте ауыр. Ресей әскерилері адамдарды құтқарудың кез келген әрекетіне қарсылық танытып жатыр. Қазір ресейлік жауынгерлердің бақылауындағы аумақтағы он мыңдаған тұрғынның тағдыры бәймәлім. Біз бұған дейін тұтқындармен алмасу туралы ұсыныс жасаған еді. Алайда өкінішке қарай, оған жауап алған жоқпыз.
Қазір Харьков қаласында атыс-шабыс үдеп барады. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, кеше мұнда көп қабатты үйлер мен супермаркет зымыранмен атқылаған. Шабуыл салдарынан 4 адам көз жұмып, тағы 16-сы жарақат алды. 10 көлікжай өртеніп кеткен. Бұл ретте билік тұрғындарды топ болып жиналмай, бомбадан қорғанатын орындарға жасырынуға шақырып отыр.
БЛИЦ:
- Түнгі 11-лер кезінде жарылыс дыбыстары естілді. Ешкімнің баспалдақ алаңына шықпағаны дұрыс болды. Өйткені шыны сынықтары тиіп, адамдар көз жұмып не жарақат алуы мүмкін еді.
- Көрші ата жақын жерде күзетте жұмыс істеген. Күнде дүкенге азық-түлікке барып келетін. Атыс басталғанда, бәрі жан-жаққа қаша бастады. Кейіннен мына жаққа шыққанда, әлгі атаның қайтыс болғанын көрдік.
Ал БҰҰ-ның өкілдері Укринадағы қарулы қақтығысты 4 күнге тоқтатуға шақырып отыр. Олардың айтуынша, бұл гуманитарлық дәліз ашу үшін қажет.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
- Бейсенбіден бастап Украинада 4 күнге оқ атпау тәртібін жариялауға шақырамын. Елдегі гуманитарлық ахуал өте күрделі. Кейбір өңір тұрғындарында тамақ пен дәрі-дәрмек жоқ. Қазір 12 миллионнан аса адам гуманитарлық көмекке мұқтаж. Олардың көбі – Мариуполь, Херсон, Донецк пен Луганс қалаларының тұрғындары. Өкінішке қарай бұл сан артуы ықтимал. Болжам бойынша, алдағы уақытта Украинада қалған халықтың 40 процентіне гуманитарлық көмек қажет болуы мүмкін.
Жалпы, БҰҰ өкілдерінің пайымдауынша, биыл Украина егінінің үштен бірінен айырылуы мүмкін. Олар егіс алқаптары мен инфрақұрылымның бүлінуі салдарынан азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төніп тұрғанын айтады. Мұндай жағдайды болдырмау үшін халықаралық бірлестік сарапшылары шұғыл түрде 115 миллион доллар қажет дейді.
Жұлдыз Атагельдиева.
«Хабар 24» арнасына жазылыңыздар:
Біздің сайт -