Батыс Қазақстан облысында 126 мың тауық қырылып қалды. Зертханалық сараптаманың қорытындысына сүйенсек, құстардың арасында жұқпалы індет жаппай таралған көрінеді. Осыдан кейін облыстың Бәйтерек ауданындағы агрофирманың балапандары баудай түскен. Бас-аяғы бір айдың ішінде 126 мың бас тауық өліпті. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы құстардың өлексесі мен жұмыртқасын өртеп, қауіпті аурудың ошағын жойған. Кейін орнын залалсыздандырыпты. Қазір аудандағы эпизоотиялық ахуал тұрақты дейді мамандар.