
Медиа саласы қызметкерлеріне баспана беру бастамасы — азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейту және қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кең ауқымды мемлекеттік саясаттың бір бөлігі.
Салтанатты рәсім барысында ҚР Президентінің Кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл үшінші жыл қатарынан журналистерге пәтер беру шарасы ұйымдастырылып отыр. Бұл – Президенттің отандық медиа қызметкерлеріне деген үлкен қолдауы. Биыл пәтерлер тек журналистерге ғана емес, режиссерлерге, операторларға, корректорларға және отандық медианың өзге де мамандарына беріледі. Сонымен қатар біз әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аудардық: пәтер иелерінің қатарында көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар да бар. Әріптестеріміздің жетістіктеріне қуаныштымыз. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!», – деді Руслан Желдібай.
Пәтер сертификаттары қазақтандық телеарналар және өзге де БАҚ қызметкерлеріне табысталды. Жаңа пәтер иегерлерінің қатарында «Жетінші арнаның» да қызметкері бар.