
---------------------------------------------
Ақтаудағы ұшақ апаты -
Бишімбаев ісі -
Су тасқыны бойынша барлық ақпарат -
Жұмбақ өлімдер -
Бүгінгі шығарылымда:
Шымкенттегі Бозарық-3 елдімекенінің жұрты әкімдік баспанамыздан бас сауғалатып жібере ме деген үрейде отыр. Айтуларынша, жаңа үйлерін атқамінерлер сүріп тастамақ. Себебі қаланың бас жоспары бойынша бұл маңайдан магистральді жол салынып, тұрғын үй кешендері бой көтеруі керек екен. Сол үшін де қоныстанып қойған халық баспанасын заңдастыра алмай сергелдеңге түскен. Мәселенің мән-жайын әріптесім Мақсат Жақсыбайұлы біліп қайтты.
Жылдар бойы жиған-тергеніне жер алып, баспана көтеріп, бой тіктегенде еңбегіміз еш кететін болды деп алаңдайды көпшілік. Қаланың екі жыл бұрын қабылдаған бас жоспарына сәйкес, мұндағы 50-ге жуық үй сүріліп, телімдер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек деп шешіпті шенеуніктер.
ЖЕКСЕНБАЙ НАМАЗБЕКОВ, Бозарық-3 елдімекенінің тұрғыны:
- Бәрі өздерінің күшімен үйді салды кезінде. Енді бұзған кезде АПЗ болмаса, үйдің құны төленбейді деп жатыр. Гос актісі барларға жердің ақысын береді немесе басқа жер береміз деп жатыр. Көбісі қазір қиын жағдайда. Ана жаққа барады, мына жаққа барады, құзырлы орынның бәріне барып, ешқандай құжат ала алмай отыр.
Бұрын Сайрам ауданына қарасты бұл аумақ, қазір Шымкенттің шеңберіне енген. Облыс кезінде бас-аяғы 400-ден астам учаскені халық сатып алған. Жерінің құжаты түгел болғанымен, салған үйінің қағазын құнттай алмай әлекпіз дейді жұрт.
САПАР ҚОЖАЕВ, Бозарық-3 елдімекенінің тұрғыны:
- Өз еркімізбен үйді салдық. Қазір бізге снос келіп жатыр 2035 жылға дейін. 2035-ке дейін бізге ешнәрсе істеуге рұқсат жоқ. Қазір бізге жердің бәрін арестке қойып тастаған. Алатын болса бізге жалпы алып, ақшасын беріп, біз де басқа жаққа көшуге әрекет жасауымыз керек.
МАҚСАТ ЖАҚСЫБАЙҰЛЫ, тілші:
- Бозарық-3 елдімекеніне тұрғындар осыдан 15 жыл бұрын қоныстана бастапты. Бұл аумақ әлдеқашан қала аумағына өтіп кеткеніменен әлі күнге дейін инфрақұрылым жүргізілмеген. Тұрғындар тіпті, электр жарығын өз күшімен тартып алған. Мынадай шыбықтай бөренелер шөптің басы қимылдаса, құлауға шақ тұр.
Жергілікті жұрт су құбыры тартылмағандықтан тіршілік нәрін тасып ішеді. Көгілдір отын да көпшілікке келмегеннен көмірмен күнелтуге мәжбүр. Жолдың азабы тағы бар. Бозарықтықтардың бұл мәселесін тыңдаған шенеуніктер амалын қарастырамыз деп алаңдаған жұртқа басу айтты.
АЗИЗБЕК ӘЖІМЕТОВ, Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:
- Барлық варианттарды қарастырамыз. Жолдың мүмкін траекториясын өзгертіп, бірақ ол үшін бас жоспарға өзгеріс енгізу қажет. АПЗ жағын, оны да зерделеу керек әр учаскесіне қарап, қалай не істей аламыз деген сияқты.
Сары уайымға салынған жұрт жауаптылардың бұл уәжі жабылған қазан күйінде қалмаса деген үмітте.
---------------------------------------------
Біз барлық әлеуметтік желідеміз, тіркеліңіз:
Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар:
Информбюро 31
Informburo kz
Facebook -
Instagram -
WhatApp -
TikTok -
Біздің сайт: www.31.kz және www.informburo.kz
#Информбюро #31арна #БастыЖаңалықтар #АқиқатынАйтайық