
Тоқсаныншы жылға дейін ауылдарда әр үйде жүздеген қазақы тауықтан болып еді және оларға иелері аса бір күтім жасаған жоқ. Кепесіне де кірмей тал басына қонақтап, мекендері құрық болатын көктем, жаз айларында қорадағы жиналған шөптердің қуысына өздері жұмыртқа басып, балапан шығарып, табиғи түрде басы көбейді. Бір қызығы, сол кездерде ауыл халқы үшін тауықтың еті тек диеталық, емдік тағам ретінде танылды және жұмыртқасы да аса бағалы емес еді. Жылқы болмаса да, күнде кесек-кесек қой еті мен сүт өнімдері табылатын ауыл дастарханындағы ас мәзірінде тауық еті мен жұмыртқасы болмайтын. Ал бүгінде сол үй құсының еті мен жұмыртқасының нарықтағы бағасы аспандап тұр және мұны халық кәдімгідей мәселе етіп көтеріп келеді. Енді осы мәселенің шешілуі соншалықты қиын ба? Жоқ, күрмеуін тарқатуға болады екен. Ол үшін әр адам үйіне тауық асырауы керек. Болды. Мәселе шешіледі. Базарға, дүкенге тәуелді болмайсыз. Тауықты төрт түлік секілді таңнан кешке дейін соңында жүріп бақпайсыз. Жүздеген гектар жайылымдық жердің де қажеті жоқ. Бабын тапсаңыз, өзін-өзі асырайды. Тек қора-жайы қыста жылы, жазда салқын және санитарлық талапқа сай болсын. Өйткені қазірде құсқа байланысты аурудың түрі көп. Содан сақтану үшін күнделікті олардың санитарлық жағдайын қатаң қадағалап отырсаңыз болғаны.
#тауықеті #жұмыртқа #тауыққакүтім